Тіркелу
   Резидент РК
   Сгенерировать пароль
Пароль прийдет на указанный Email адрес
Алға
Кері қарай
Тіркелу
 

Возможности после регистрации:

Сможете задавать вопросы руководителям госорганизаций и получать на них ответы, получите доступ к документам для скачивания.


Сможете пользоваться дополнительными сервисами: участвовать в онлайн-конференциях, читать блоги, оставлять отзывы к госуслугам и оценивать качество их оказания.


В случае подписки на новости, получите информацию о всех событиях на свой E-mail.

По вопросам работы интернет - ресурса просим обращаться по телефону: 8 (7292) 42-83-32

Маңғыстау облысы

Бейнеу ауданы

Аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурсы

Тарихы


   

         Заманымыздың кемеңгер тұлғасы, жазушы Әбіш Кекілбаев: «Осыдан үш миллион жыл бұрын Африкада экватор бойында, ағаш басынан түсіп, денесін тіктеп жүріп, өз бетімен әрекетке көшкен адам нәсілі осыдан бір миллион жыл бұрын Таяу Шығыс арқылы көшкен мұздың соңынан аңдарды қуалап, Еуропа мен Азияға аяқ басқанда әуелі кеп тұрақтаған жерлері осы Қаратеңіз бен Атырау бойлары болатын. Кавказ нәсілдестер күллі Еуропаға Қаратеңіз аумағынан, ең алғашқы адамдардың рамапитиктер деп аталатын шығыс бұтағы көбіне-көп осы Атыраудан айналаға шашыраған-ды» деп болжам айтып, «...Төңірегің тұнып тұрған керемет, төңірегің тұнып тұрған хикая, төңірегің тола ғажайып дастан!...» деп таңдай қаға таңданған Маңғыстау Үстірті – шығысында Асмантай, Матай, Көксеңгірден басталып, батысында Қарашүңгіл, Қарақұмнан кәрі Каспийге сұғынатын, солтүстігінде Төңірекшың, Тортай, Тоқсанбаймен шектесіп, оңтүстігінде Тәңке, Төлепке тірелетін - Бейнеу аймағы.

      Бейнеудің екінші қорымында көзі тірісінде елінің жел жақтағы панасы, ық жақтағы саясы бола білген азамат, жаудан елді арашалаған батыр, дауда әділетті арашалаған қазы, озбырлықтан обал мен сауапты арашалаған пірәдар, әлсізге – медет, күштіге – айбат, зарыққанға – жебеу, тарыққанға – демеу, асқанға – тосқан, сасқанға – сая, ұрпаққа – ұстаз, ұлысқа – ұран, ел иесі, жер киесі, Пірдің соңы – Бекет Ата Мырзағұлұлының өз қолымен тұрғызған мешіті бар.

      «Ұлы жібек жолының» бір тармағы бойында орналасқан ең ежелгі керуенсарайлардың бірі – Білеулі. Ол – бүгінгі Бейнеу ауданының Өзбекстанмен шектесетін шекарасында тұрған тарихи жәдігерлік.

           Білеуліден әрі қарай өткен жол Қоңыратқа бағыт түзейді де, Бейнеуге қарай бет алған жүз шақырымдай далалық жол белгілі бекет, ескі қорым Құсшыға тіреледі.

      Құсшыдан алпыс шақырымдай жердегі керуенсарайлардың шоғырланған жері – Белдеулі. Мұнда бірнеше керуенсарайлардың қалдығы бар.  Бұл – біздің ата-бабаларымыздың батысында Римнің, шығысында Қытайдың хабарын біліп, өркениеттің бел ортасында отырғанын дәлелдейді. Бейнеу – Ұлы Жібек жолының бойындағы бел жазатын елеулі бекет болған.

           Дүниежүзі ғалымдарын таңдандырған жаңалық, ол – Тоқсанбай тауынан табылған ең ежелгі қала. Қаланың жер қыртыстары үш қабаттан тұрады. Ең астыңғы қабаты осыдан төрт мың жыл бұрынғы қола дәуіріндегі отырықшы қонысты (қала орнын) дәлелдейді. Бұған дейін мұндай қала орындары Малайзияда (Трон) және Орал тауында (Аркаим, Синташ) ғана табылған-ды. Ал Бейнеу ауданына қарайтын Тоқсанбай тауының үстіндегі қала орны олардан да бұрынғы ежелгі дәуір жәдігері болып шықты. Бұл – Қазақстан,  көршілес елдер, тіпті дүниежүзі үшін үлкен жаңалық. Екінші мәдени қабатында біздің эрамызға дейінгі бір мыңыншы, ал үшінші қабатында біздің эрамыздың ІХ-Х ғасырларындағы ортағасырлық сақтар тұрмысын дәлелдейтін материалдар табылған.

         Алтын орда дәуірінде Алтын ордаға бағынған орыс князьдері Қарақорымдағы Ұлы ханға тағзым етіп, жарлық алуға бару үшін Бейнеу үстімен сапар шегетін болған. Алтын орда астанасы Қарақорым мен Ханбалыққа беттеген керуендердің есебі жоқ болатын. Сол кезде Сарай Берекеден шыққан керуен Үргенішке қырық күнде, ал Сарайшықтан шыққан керуен Үргенішке отыз күнде жететін еді дейді. Бұл керуен сапарының біраз жолы қазіргі Бейнеу ауданы территориясы үстімен өтеді.

         Аржағы – Киев, Петербор, Мәскеу князьдіктерінен шығатын керуен жолының бір тармағы Хажы – Тархан - Сарай-Берке – Сарайшық – Таскешу – Ақмешіт – Есет – Белдеулі – Тұрыш – Асау –Барақ – Құсшы – Білеулі - Қоңырат арқылы, ал екінші тармағы Сарай-Берке – Сарайшық – Таскешу – Ақмешіт – Жылыой – Қарашүңгіл – Ұшқан – Бейнеу – Сам – Құсшы – Білеулі – Қоңырат арқылы Хиуа асып Үнді, Қытайға дейін кете береді. Осы бекет-керуен сарайлардың Қарашүңгіл, Ұшқаннан Білеуліге дейінгі аралығы бүгінгі Бейнеу ауданының жері. Сол керуен жолының сүрлеуімен дәл қазір теміржол өтеді.

       1948-1963 жылдар аралығында Бейнеу өңірін игерудің бірінші кезеңі аяқталады. Екінші кезең 1963 жылы Мақат-Маңғыстау, Бейнеу-Қоңырат теміржолдарының салынып, пайдалануға берілуінен бастау алады. Бұрынғы «Жібек жолы» торабы қайтадан ел мен елді жалғастыратын, араластыратын күретамырға айналды. Бейнеу стансасының бағы жанып, тоғыз жолдың торабы, Орта Азияға шығатын Қазақстанның қақпасы атанды.

         Теміржол стансасы негізінде Бейнеу поселкесі қалыптаса бастады. 1965 жылғы 26-қаңтарда Гурьев облыстық кеңесі атқару комитетінің «Ембі ауылдық кеңесінің орталығын көшіру туралы» №17 қаулысына орай, Ембі ауданының Молқат елді мекенінде болған ауылдық кеңес Бейнеуге көшіріледі. Сол жылы өткен жергілікті Кеңестердің сайлауынан кейін, ауылдық кеңестің атауы Бейнеу поселкелік кеңесі болып өзгертілді. Ауылдық кеңестің ілкі қалыптасуына басшылық жасаған төраға Мұрын Ысмағұлов Боранқұл поселкелік Кеңесіне төраға болып кетеді де, сайлаудан кейін аты өзгерген Бейнеу поселкелік кеңесіне Шанықұл Иманбаев төраға болып сайланады.

           Бұған дейін Ембі ауданына қараған Бейнеу поселкелік кеңесі 1967 жылдың 16-тамызынан бастап Маңғыстау ауданы қарамағына беріледі. Бейнеу поселкесінің жан-жақты қалыптасуына елеулі еңбек сіңірген адам – Ш. Иманбаевтан кейінгі төраға, Ұлы Отан соғысының ардагері Ш. Шыңғысов, одан кейін Нұрбай Жақашев, Оңғарбай Дәулетбаев, Жұлдызбай Есбосынов, Жеткізген Рзаевтар төрағалық етті. Кейін әкімшілік басқару жүйесі қалыптасқанда, М. Сейілханов әкім болады да, беріректе Қ. Әбілшеев, А. Ұлықпанов, Д. Жоламанов басшылық етті.

        Орталық Азия газ құбыры желісі тартылып, компрессор стансасының орналасуы, Бейнеу поселкесінің өсуіне зор әсерін тигізді. Газшылар Бейнеу мен Боранқұл ауылдарын сәнді ғимараттармен әрлей түсті. Айналасы он жылдың ішінде Бейнеу теміржолшылардың, газ бен мұнай тасымалдаушылардың, құрылысшылардың көшелері көк желекке толы қала типті мекеніне айналды. 1969 жылы Сам өңірін өріске толтырған мал фермаларының негізінде Маңғыстау кеңшары (директоры Таушан Қорбақов) құрылды.

          Осылайша, мал шаруашылығының өркендеуі, теміржол қатынасының, газ бен мұнай тасымалдау салаларының кең өріспен дамуы өлкеде жаңа ауданның құрылуына алғышарттар жасады.

           1973 жылдың 20-наурызы – бүкіл маңғыстаулықтар үшін ақ түйенің қарны жарылып, аспаннан нұр жауған күн. Бұл күні Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Призидиумының «Қазақ ССР-інің құрамында Жезқазған және Маңғышлақ облыстарын құру туралы» Жарлығы шықты:

           «...2. Қазақ ССР-інің құрамында, орталығы Шевченко қаласында, Маңғышлақ облысы құрылсын: оның құрамына Гурьев облысының Шевченко, Жаңаөзен және Форт-Шевченко қалалары, қалалық кеңестеріне бағынатын қалалық поселкелермен және ауылдық кеңестерімен қоса Маңғыстау ауданы енгізілсін.

           Маңғышлақ облысының құрамында мынадай жаңа аудандар құрылсын:

           Орталығы Бейнеу қалалық поселкесінде болатын Бейнеу ауданы құрылсын: оның құрамына Маңғышлақ облысының Маңғыстау ауданындағы Бейнеу қалалық поселкесі, Ақжігіт және Каменный ауылдық кеңестері, Гурьев облысының Ембі ауданындағы Опорный және Сарықамыс поселкелері енгізілсін;

           Орталығы Ералиев қалалық поселкесі болатын Ералиев ауданы құрылсын: оның құрамына Маңғышлақ облысының Өзен ауданындағы Ералиев, Ақсу және Жетібай қалалық поселкелері, Шевченко қалалық кеңесінің Маңғыстау қалалық поселкесі енгізілсін.

           Маңғышлақ облысының Жаңаөзен қаласы облысқа бағынатын қала болып қайта құрылсын:

           Өзен ауданының Өзен қалалық поселкесі Жаңаөзен қалалық кеңесінің қамтуына берілсін. Гурьев облысының Өзен ауданы таратылсын

Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі

Президиумының Төрағасы   С. Ниязбеков

Президиумның хатшысы    Б. Рамазанова

Алматы, Үкімет үйі, 20 наурыз 1973 жыл» 

           Сөйтіп, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Адай округін таратпау жөнінде арпалысып құрбан болған Тобанияз бастаған боздақтардың арманы жүзеге асты.

           Жарлықтың жариялануымен бірге облыс, аудандарды ұйымдастыру бюролары құрылды. Бейнеу аудандық ұйымдастыру бюросын А. Өтеуов басқарды. Сәуірдің 5-жұлдызында Маңғыстау, Ембі аудандарының осы аумақтағы  депутаттары аудандық кеңестің сессиясын өткізіп, аудандық атқару комитетін құрып, оның төрағалығына Дүйсенбі Әріповты сайлады. Ал, 11-сәуірде аудан коммунистерінің бірінші партия конференциясы шақырылып, онда аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына Арон Махуұлы Өтеуов сайланды.

           1973 жылдың басында ауданда 17 мың халық тұрды. Маңғыстау мен Қарақұм кеңшарларында 79 мың қой, 2660 жылқы, 2220 түйе болды. «Прорванефть» мұнайгаз өндіру басқармасы сол жылы 1 миллион 255 мың тонна «қара алтын» өндірді.

           Мал шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында 1973 жылдың желтоқсанында «Сам» кеңшары (директоры Қуаныш Ғалымов), 1983 жылы «Сыңғырлау» (директоры Наурыз Балмұханов) құрылды. Осылайша үш бірдей Кеңестер Одағының батыры М. Бегенов пен Ж. Қалдықараев, Б. Қалиев туып өскен, үш социалистік Еңбек Ері Ж. Мергенбаева, Ә. Махутов, Ө. Құлбатыров, бір Даңқ орденінің толық иегері Б. Ауданбаев және басқа да айтулы азаматтар тер төккен аймақта аудан құрылып, толықтай қалыптасты.

           Аудан 1981-85 жылдары КОКП Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, ВЦСПС-тің және БЛКЖО Орталық Комитетінің бүкілодақтық социалистік жарыс қорытындысымен аудандарға берілетін ауыспалы Қызыл Туын бес жыл қатарынан жеңіп алды. Ол ту қазір аудандық мұражайда мәңгілікке сақтаулы.

           Бүгінде 57700 халық тұратын ауданда Ақжігіт, Сарға, Сыңғырлау, Есет, Тұрыш, Сам, Бейнеу, Боранқұл, Төлеп, Ноғайты, Тәжен ауылдық округтері бар.

        Оңтүстігінде Түркменстанмен, оңтүстік-шығысында Қарақалпақстанмен, солтүстігінде Атырау, солтүстік-шығысында Ақтөбе облыстарымен шектеседі. Аудан арқылы Атырау-Маңғыстау, Мақат-Қоңырат теміржолы, Орта Азия- Орталық газ құбыры, Өзен-Самара мұнай құбыры, Атырау- Ақтау, Атырау-Қоңырат тасжолы өтеді.

           Аудан аумағының жалпы көлемі - 4051,9 мың га, облыс орталығынан қашықтығы - 503 км. Облыс орталығымен және облыстың басқа да аудандарымен темір жол және автомобиль қатынастары бар. 

«Бейнеу» кітабынан

Ақпараттық ресурстар
Қазақстан Республикасының электрондық Үкіметі http://www.egov.kz/
Қазақстан Республикасының Үкіметі http://www.government.kz/kz/
Қазақстан Республикасының Президентінің ресми сайты http://www.akorda.kz
Қазақстан Республикасының Президентінің жеке вебсайты http://www.personal.akorda.kz
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттігі http://www.kyzmet.kz
Маңғыстау облысының ресми сайты http://www.mangystau.gov.kz/ru
Қазақстан Республикасының электрондық лицензиялау порталы http://elicense.kz
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу порталы http://goszakup.gov.kz
Қазақстан Республикасының электрондық төлем жүргізудің бірыңғай шлюзы http://www.epay.gov.kz
Бейнеу ауданының мәслихаты http://beineu.maslikhat.gov.kz/ru/