Маңғыстау облысы

Бейнеу ауданы

Аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурсы

Ауданға Парламент мәжілісінің депутаты келді.

10 қаңтар күні Бейнеу ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Тарас Киікбайұлы Хитуов іс-сапармен келді. Тарас Киікбайұлы аудандағы іс-сапарын Тәжен елді мекенінен бастады.

Өзбекстан Республикасымен шекаралас жатқан «Тәжен» шекара бекетінің жұмысымен танысып, Тәжен, Ақжігіт елді мекендерінің халқымен кездесті. Одан әрі іс-сапар Бейнеу ауылында жалғасып «Нұр Отан» партиясы Бейнеу аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық мәслихат депуттары, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері және бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен кездесті. Кездесуге аудан әкімі, «Нұр Отан» партиясы Бейнеу аудандық филиалының төрағасы Б.Әбілов, аудандық мәслихат хатшысы А.Ұлұқбанов, аудан әкімінің орынбасарлары және «Нұр Отан» партиясы Бейнеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қ.Еламанов қатысты.

Мәжілістің экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің мүшесі Т.Хитуов жиында Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын, заң шығарушылық қызмет пен «Рухани жаңғыру», «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру барысы, және өткен жылы атқарылған істер мен қабылданған заңдар жөнінде айтып өтті.

Халық қалаулысына жиынға қатысушылар тарапынан бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті дамытудағы түрлі қиындықтары, өңірдегі ауыз су мәселелері төңірегінде, темір жол саласы жөніндегі сұрақтар қойылып, ұсыныстар берілді. Т.Хитуов айтылған мәселелерді тиісті құзырлы органдарға жеткізуге уәде берді.